Graduates
Өзіңіз туралы айтып беріңізші – оқуды қашан бітірдіңіз, қазір қайда жұмыс істейсіз?
Қайырлы күн! Менің атым Ерлан Утеулин. 2016 жылдың қараша айында МБА күндізгі бағдарламасы бойынша Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебін бітірдім. Сол уақыттан бастап «Республикалық физика-математика мектебі» КЕАҚ-да жұмыс істеймін.
Білім беру саласындағы жұмысты таңдауыңызға не себеп болды?
Оқуды аяқтағаннан кейін маған көптеген ұсыныстар, оның ішінде банк-қаржы саласындағы жұмыс бойынша да ұсыныстар келіп түсті. Бірақ мен осы жобаны саналы түрде таңдадым, өйткені білім беру саласы әрқашан маған қызықты болатын. Мен қоғам үшін пайдалы нәрсе жасағым келді. Егер қазіргі кезде мектептегі барлық үдерістерді ұйымдастыруға дұрыс және сауатты қарайтын болсақ, оқыту процесі қызықты және пайдалы болады, оқушылар өз алдына қойылған міндеттерді өз бетінше шеше алады, бұл өз кезегінде оқушылардың жалпы оқу деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Жасырмаймын, біраз күмәнім да болған еді. Бірақ менің таңдауымда жаңа тәжірибе алу, жобаларды кәсіби басқару, стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу, сауатты басқару үшін қажетті құзыреттілікке ие болу тұрғысынан көп нәрсеге үйренуге болатын адамдармен қатар жұмыс істеуге ықыласым осы таңдауымның негізі болып табылды. Мен өз таңдауым туралы өкінбеймін.
Қазір мен Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) басқармасында жұмыс істеймін және оқытудың жаңа әдістерін енгізумен, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатумен, басқа мектептердің мұғалімдері үшін оқыту тренингтерін өткізумен байланысты көптеген ықтимал жобаларды жүзеге асыруға қатысамын.
Бұл жоба туралы толығырақ айтып берсеңіз – оны бастау туралы идея қалай келді, оның қазіргі жағдайы қандай?
Іс жүзінде РФММ көптеген жергілікті және халықаралық жобаларды іске асыруда. Осындай жобалардың бірі – бүкіл Қазақстан мұғалімдеріне арналған STEM курстарын өткізу.
Біздің мұғалімдер білім беру саласындағы шетелдік сарапшылармен бірге тренингтерден бұрын өткен болатын, солардың негізінде өздерінің оқытушылық тәжірибесіне сүйене отырып, авторлық курстарды әзірледі. Енді олар осы әзірлемелерді аймақтардағы әріптестерімен бөлісуге дайын.
2017 жылдан бастап біз мектептеріміздің базасында түрлі пәндер бойынша тренингтер өткіземіз. 2019 жылы біз ірі қалалармен шектеліп қана қоймай, осы тренингтерді еліміздің басқа өңірлерінде іске қосуға шешім қабылдадық.
Біздің басты мақсатымыз – республикада STEM пәндерін оқыту сапасын жақсарту. Біз 2000-нан астам мұғалімді оқытсақ, олар өз кезегінде 400 000-нан астам шәкірттің ғылымды зерттеуге деген сүйіспеншілігін арттыруына ықпал етеді деп сенеміз.
Осы жылдың екінші жартысында біз мұғалімдердің республикалық STEM фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл іс-шара өздерінің жобаларын көрсетіп, әріптестерімен бөлісе алатын мұғалімдерге арналатын болады. Біздің фестиваліміздің философиясы – «Мұғалімнен мұғалімге» деп аталды, бұл дегеніміз риясыз түрде өз білімімен бөлісу дегенді білдіреді. Іс-шараның қорытындылары бойынша ешқандай сыйлықтар мен марапаттар берілмейді, сәйкесінше, әуел бастан олардың арасында ешқандай бәсекелестік болмайды.
НУ Сізге не берді? Университетте алған біліміңіз сіздің өміріңізде көмектесті ме?
Өздеріңізге мәлім болғандай, бүгінде кез келген білімді интернеттен алуға болады, сондықтан мен білім туралы ғана емес, сол сияқты Назарбаев Университетінде оқып жүрген кезде жинақтаған басқа да тәжірибем туралы айтып берер едім.
Ең алдымен, бұл жаһандық ойлау. Әлемнің түрлі елдерінен келген профессорлар бізге әлемнің соншалықты үлкен еместігі туралы көзқарасты қалыптастыруға көмектесті. Қазақстанда біз айналысатын барлық жобалар жаһандық нарықтарға экспортталуы мүмкін. Мысалы, РФММ-де біз 6 елден келген балалар қатысқан бастауыш сыныптар үшін олимпиада өткіздік; Жазғы лагерлерді ұйымдастырамыз, оған қатысуға бүгінгі күні жақын және алыс шетелдердің 5 елінен келген өкілдерден сұраныс бар; және біз Орталық Азия мұғалімдері үшін өткізілетін тренингтерді ұйымдастырамыз.
Екіншіден, мен мұнда адал достарымды кездестірдім. Менің ойымша, барлық адамдар бизнес мектепте оқып жүргенде алуға болатын ең маңызды заттардың бірі – нетворкинг дегенге келіседі. Біздің НУ-да сәл басқаша болды. Бұл тек жай ғана қарым-қатынас және іскерлік байланыстар ғана емес еді. Мен осында көптеген адал достарымды таптым, олармен тек мерекелерде ғана кездесіп қоймай, сонымен қатар бірлескен жобаларды бірге жүзеге асырамыз.
Ең соңында, мен бұл жерде өз күшіме деген сенімділікке ие болдым. Жоғары бизнес мектебінде сені қоршаған орта бәрін істей аласың, қолыңнан бәрі келеді деп сендіреді. Жалпы алғанда, бұл профессорлар, достар, әкімшілік, мектеп ғимараты және жалпы университет кампусы. 14 айдың ішінде осында менің өз күшіме деген сенімділігім артып, зор қуат алдым. Менің барлық туыстарым мен туралы мақтанышпен – «ол НУ-да оқыды!» деп айтады (күледі).
Назарбаев университеті, 2020 түлек
Осы мақаламен бөлісіңіз