NU екінші үйіне айналған бойжеткеннің хикаясы Graduates
Әйгерім Бекенованың тарихы 2010 жылы Қарағанды қаласы “Дарын” мектебінің түлегі болған кезде Назарбаев Университетіне университет алдындағы дайындық бағдарламасына түскенде басталды. Бағдарлама аяқталғаннан кейін Әйгерім “Биологиялық ғылымдар” бағыты бойынша бакалавриат бағдарламасында Ғылым және технологиялар мектебінде (2019 жылдан бастап – Жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі, автордың ескертуі) білім алуын жалғастырды. Төрт жылдан кейін Бакалавр дәрежесін алып, Медицина мектебінде “медицина докторы” бағдарламасына оқуға түсті. Қазір Әйгерім Жалпы хирургия бойынша резидентура бағдарламасы аясында медицина мектебінде оқуын жалғстыруда.
Неге сіз Назарбаев Университетіне оқуға түсуге шешім қабылдадыңыз?
Мектепті бітіргеннен кейін менің алдымда таңдау тұрды: Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне, биология ғылымдары бойынша бакалавриат бағдарламасына, шетелге “Болашақ” бағдарламасы бойынша немесе “Pre-Medicine” бағдарламасына (бүгінгі таңда Медицина ғылымдары саласындағы бакалавр) түсу.
Нәтижесінде таңдау соңғы нұсқаның пайдасына жасалды. Шешім қабылдау кезінде бізге НУ-дан доктор Арман Сапаров бастаған делегация келді, ол университет туралы айтып, үлгі бағдарлама мен болашақ перспективаларды сипаттады. Менің ойымша, университеттің болашағы жақсы, ал ең бастысы оқыту ағылшын тілінде және әлемдік стандарттар бойынша өтетіні ұнады. Әрине, жаңаны бастау және алғашқы ізашар болу әрдайым қызықты.
Мектептен кейін оқу қиын болды ма? Оқуға түсуге қалай дайындалдыңыз?
Бір ғана қиындық ағылшын тілінде білім алуға үйрену болды. Мен пәндер бойынша емтихандарға дайындалған жоқпын, мектептің бағдарламасы жеткілікті болды. Ағылшын тілін жақсарту қажет болды: мен IELTS курстарына бір ай бұрын жазылған болатынмын, бұл маған жақсы көмектесті.
Сіз “Биология” мамандығы бойынша оқыдыңыз, медицинаны неге таңдадыңыз?
Мен әу баста осында дәрігер болу үшін келген болатынмын. Бұл шешімді мен мектепте жүргенде қабылдаған едім, осы таңдауыма өкінген емеспін. Менің отбасымда дәрігерлер жетерлік: анам, нағашым, әпкем. Бала кезімнен мен осы жұмыстың қаншалықты қызықты, құрметті және қиын екенін көріп өстім. Менің ойымша, дәрігер болу үшін осы мамандықтың әдемі жақтарын ғана емес, сондай-ақ әкелетін қиындықтары мен құрбандықтарын да көре білу қажет. Сондықтан дәрігер мамандығын таңдағанда, өзімді қандай қиындықтарды күтіп тұрғанын түсіндім және оларға моральдық дайын болдым.
Биологқа оқыдым, себебі бұл Медицина мектебіне түсу алдындағы қажетті кезең. Медицина мектебіне қолыңда аяқталған жоғары білім туралы диплом болғанда ғана түсе аласың. Әрине, осылайша бағдарлама 9 жылға созылды, бірақ мен университет қабырғасында өткізген жылдарыма өкінбеймін.
Өзіңіздің отбасыңыз бен отбасы дәстүрлері туралы айтып беріңізші?
Біздің отбасымыз өте үлкен! Әкемнің ағасы мен әпкесі, ал анамның тоғыз бауыры бар. Атам мен екі әжем бар. Біз бәріміз тығыз араласамыз, бір-бірімізді қолдаймыз. Менің ағам бар, ол менің тірегім және сенімді ақылшым.
Біздің отбасымыз өте тату: екі жылда бір рет барлық жастар, ағаларым мен әпке-сіңлілерім Қазақстанның әр түкпіріне барамыз және бірге демаламыз.
Жаңа Жылды бірге қарсы алу қалыптасқан. Қаңтар айының алғашқы барлық демалыс күндері біз бір-бірімізге қонаққа барып, үстел ойындарын ойнаймыз.
Сізге НУ не берді?
Ең бастысы, достарым мен өзімнің ортам деп санаймын. НУ студенттері білім алуға деген жоғары ынтасымен және ой-өрісінің кеңдігімен ерекшеленеді. 2010 жылы танысқан балалар әлі күнге дейін менің жақын достарым. НУ-да әрдайым өзара құрмет пен қолдау ахуалы салтанат құрған. Іс жүзінде әр студент оқудан басқа да істермен әуестенді: кинематограф, музыка, театр, шахмат. Осындай жемісті ортада болу және даму мен үшін үлкен бақыт!
Әрине, НУ дәрігер болу үшін маған қажетті білім берді. Мен қазір тек арнайы медициналық білім туралы ғана емес, сондай-ақ медицинаға қатысты туралы да, пациенттермен арадағы мінез-құлық этикасы туралы да айтып отырмын. Дәрігер болу – бұл тек дене ауруын емдеу ғана емес, ол сондай-ақ адамға моральдық көмек көрсете білу, оның рухын көтеру және әлі-ақ сауығып кетем деген үмітін ояту. Бұған мен өз университетімде үйрендім.
НУ-дың маған тағы да бір бергені – өзіңе және өз күшіңе сенімді болу. Бұл жерде мен ниет пен табандылық болғанда бәріне де қол жеткізу мүмкін екендігін түсіндім.
Резидентураны аяқтағаннан кейін не істеуді жоспарлап отырсыз?
Резидентураны аяқтағаннан кейін өзімнің клиникалық дағдыларымды жақсарту үшін таңдаған мамандығым бойынша ауруханада практиканы бастауды жоспарлап отырмын. Мен үшін қазір өзінің хирургиялық дағдыларымды жетілдіру бірінші кезектегі міндет болып табылады, ал содан кейін ғылыммен немесе оқытумен айналысқым келеді.
Мен үшін маңызды мақсат – отбасын құру болып табылады, өйткені жұмыста табысты болу үшін өз отбасыңда бақытты болу керек.
Назарбаев университеті, 2020 түлек
Осы мақаламен бөлісіңіз