барлық жаңалықтар

Оқыту емес, білім мен тәжірибемен бөлісу

Graduates

# #

Арман Тайлақов Назарбаев Университеті Ғылым және технологиялар мектебінің Робототехника және Мехатроника саласындағы бакалавриат бағдарламасының 2017 жылғы түлегі (2019 жылынан бастап Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі). Биылғы жылы Венгрияда Дебрецен Университетінің Mechatronical Engineering бағдарламасы бойынша магистратураны аяқтайды.

Арман – Нұр-Сұлтан қаласындағы Astana Garden School жеке мектебінің 10-11 сыныптарына математикадан сабақ беретін мұғалім. 24 жастағы Арман өз білімін оқушыларға беруді, олардың оқуға деген қызығушылығын арттыруды,  мектеп пәндерін тереңірек және егжей-тегжейлі оқытуды мақсат етеді.

– Шынымды айтсам, мен мұғалім болуды армандаған жоқпын. Өмір бойы менің айналамда  мұғалімдер көп болды, олар – анам, ағайларым, тәтелерім. Мектепте 10-шы әлде 11-сыныпта оқып жүрген кезімде Мұғалімдер күнін мерекелеу құрметіне өткізілетін Өзін-өзі басқару күні маған бастауыш сыныптардағы мұғалімнің орнына сабақ беру мүмкіндігі берілгені есімде.  Оқушылар қатты шулап, мені тыңдамады, тақырыпты да түсінбеді! Сол күнгі кеште  информатикадан сабақ беретін мұғалім ағама «ешқашан мұғалім болмаймын!» деген едім. Ал нәтижесінде, – деп күлді Арман.

Қазақ-түрік лицейінде оқыған кезімде бізге тьюторлар сабақ жасауға көмектескен еді, ал НУ-да оқығанда мен достарыма математиканы жасауға көмектестім, кейін тіпті математика бойынша репетитор болдым. Қазір мен өз хоббиімді мамандыққа айналдырдым деп айтуға болады!

Мұғалім ретінде оқушылармен бір толқында болуға және олармен тең қарым-қатынас жасауға тырысамын. Мен үшін мұғалім болу – бұл жұмыс емес, бұл тәжірибемен алмасу, біліммен бөлісу. Жоғары сынып оқушыларымен қарым-қатынаста «әрбір оқушы өзінің білімі үшін  жауапты» деген  қағидатты ұстанамын және бұл оқушыларға өте ұнайды!

«Мен оқушыларымды оқытып қана қоймай, олармен өз тәжірибеммен бөліскім келеді»

Менің алғашқы ұстазым  анам болды, ол әрқашан маған  таңдау жасауға мүмкіндік берді және менің барлық идеяларымды әрдайым қолдап отырды. Бала кезімде анам менімен әрдайым ересек адам ретінде сөйлесті, ешқашан мынау дұрыс немесе дұрыс емес, мынау  жаман немесе жақсы деп сілтеп көрсеткен жоқ, керісінше әрдайым маған үлгі көрсетіп, барлығын жайлап жұмсақ түсіндіретін.

Құжаттарды НУ-ға тапсыруды шешкен кезімде бірден бір жылдық Foundation бағдарламасына және бакалавриат бағдарламасының бірінші курсына (Direct admission) құжаттарымды тапсырғаным есімде. Нәтижесінде екеуіне де оқуға түстім, сол кезде келесі төрт жылдың ішінде менің өмірімді анықтайтын күрделі таңдау жасау керек болды! Менің анам маған: «Бұл сенің өмірің – сенің таңдауың!» – деді.

Мен Direct admission таңдадым, маған оқу өте қызықты болды, бірақ сол кезде математиканы таңдаған жоқ едім. Олимпиаданың жеңімпазы және ағылшын тілін жақсы меңгерген, бірақ гуманитарлық қабілетім жоқ мен Ғылым және технологиялар мектебіндегі Робототехника мамандығын таңдадым. Өз тәжірибеммен бөлісе кетейін, ағылшын тілі деңгейін көтеру қажет болса немесе мамандануды таңдау қиын болса, Foundation бағдарламасын таңдауларыңыз керек. Өйткені дайындық жылынан кейін 1-курсқа түсу кезінде бакалавриаттың келесі 4 жылы ішінде нені оқу қажет екендігін анықтай аласың.

Қазір магистратураның соңғы семестрінде Машиналық оқыту және объектілерді тану тақырыбы бойынша қашықтықтан дипломдық жұмысты жазумен айналысудамын — бұл бағдарламалау мен робототехниканың саласы, соңғы онжылдықтағы ең негізгі және танымал тақырып. Сонымен қатар, педагогтармен және психологтармен тренингтер, педагогикалық әдістемені, оқыту техникасы мен әдістерді жетілдіру бойынша семинарлар мен курстар жас маман ретінде маған жаңалықты тануға және өз әдістерімді жақсартуға көмектеседі.

Неге Назарбаев Университетін таңдау керек?

Барлығы оқуға түсетін талапкердің өз алдына қойған мақсатына байланысты болады. НУ-дың  өз ортасы мен қоғамдастығы бар, бұл жерде міндетті түрде өзіңе жақын қарым-қатынас тобын табасың. Мен қазақстандық және шетелдік ЖОО-да оқыдым. НУ білім алумен бірге әлеуметтік дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді деп айта аламын. Қызығушылықтары бойынша студенттік клубтар сабақтан бос уақытта немен айналысуға болатын қажеттіліктерді  анықтауға көмектеседі. Мен, мысалы, «Nomad» пікірталас клубы мен еріктілер клубына қатыстым. НУ-ға дарынды және өте ақылды балалар оқуға түседі, бұл бір-бірінен үйренуге, пікірлестер мен достарды табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ  сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытуға және өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді.

Назарбаев университеті, 2020 түлек

Осы мақаламен бөлісіңіз