Біздің бүгінгі сұхбаттасушымыз Назарбаев Университеті Бизнес мектебінің MBA бағдарламасының студенті Сәуле Батыралиева бізге Назарбаев Университетінің ABC Incubator Бизнес-инкубаторының қолдауымен өзі құрған стартап туралы айтып берді. NU әңгімелері
Біздің бүгінгі сұхбаттасушымыз Назарбаев Университеті Бизнес мектебінің MBA бағдарламасының студенті Сәуле Батыралиева бізге Назарбаев Университетінің ABC Incubator Бизнес-инкубаторының қолдауымен өзі құрған стартап туралы айтып берді. 2019 жылы Сәуле инкубациялық бағдарламаның жеңімпазы атанды және www.uniclub.kz онлайн платформаны құру жобасы үшін алғашқы қаржыландыруға ие болды. Жоба қаланың түрлі клубтарында балаларға арналған сабақтарды броньдау мүмкіндігін қарастырады және booking.com сияқты спорт және білім беру клубтарын қамтиды.
Көптеген ата-аналар өз балаларына жан-жақты қосымша білім беруді қалайды, сондықтан біз UniPass бірыңғай абонементі арқылы әр түрлі клубтар мен үйірмелерге түрлі сабақтарды ұсынамыз, – дейді жоба авторы. – Бұл ретте балалар сабақтардың бірнеше түріне – спорттық секцияларға, шығармашылық үйірмелерге, білім беру орталықтарына бірыңғай абонемент бойынша қатыса алады. Сонымен қатар, біздің платформада клубтарға абонементтерді жеке сатып алуға болады.
Неге сіз стартапты осы бағытта дамытуды шештіңіз?
Бүгінгі күні ата-аналар өз балаларының дамуына үлкен көңіл бөле отырып, олардың шығармашылық әлеуетін және таланттарын ашуға тырысады. Бұл әрине өте керемет, өйткені ата-аналардың міндеті – әрбір балаға жағдай жасау және оның әлеуетін ашуға мүмкіндік беру. Баланы әр түрлі сабақтарға және секцияларға қатыстыру қажет, бала осы арқылы өзіне ең қызықты, «жанына жақын» істі анықтай алады. Бұл жоба нақты осындай мақсаттарға бағытталған.
Стартап идеясы маған отбасыммен Амстердамда тұрған кезімде келді, онда бірнеше қалада жүздеген спорт клубтарына ересектерге арналған бірыңғай абонементті сатып алу сервисі өте танымал. Былтыр біз елімізге қайта оралдық және бұл жерде мынадай проблемаға тап болдық – балаларымызды қандай клубтарға жазуға болатынын білмедім. Менің балаларым үлкен тенниспен, дзюдомен, жүзумен, пианинода ойнаумен, суретпен, математикамен айналысуды бұрынғыдай жалғастырғысы келді, сондай-ақ қазақ және орыс тілдерін үйренуді бастағысы келді. Мен интернетте түрлі клубтардың сайттарын іздедім, инстаграммды, 2 gis-ті қостым, таныстардан және т. б. ұсыныстар сұрадым. Нәтижесінде балаларымның өздеріне үйреншікті сабақтарына оралуы үшін іздеу жұмыстарына бір ай уақытымды жұмсадым. Содан кейін балаларым үйреншікті сабақтарын басқаларға ауыстырғысы келгенде, мен осы іздеу жұмыстарының кезеңдерінен тағы да өтуге мәжбүр болдым. Басқа ата-аналардың сабақтарды қалай табатыны, қайда баратыны, сабақ таңдаудың критерийлері, неліктен орын ауыстыратыны туралы сауалнама жүргізудің нәтижесінде мұндай проблемамен тек мен ғана емес, басқа да көптеген ата-аналардың тап болғанын түсіндім. Бізде клубтар жайлы, оларға жазылу, олардың талаптары, жұмыс кестесі, деңгейі туралы ақпарат пен пікірлерді көруге болатын бірыңғай платформа жоқ. Нәтижесінде Голландиядағы ересектерге арналған бірыңғай абонемент сияқты қызмет түрі біздің балаларға да қажет деген ой келді, бірақ мұнда тек спорт қана емес, шығармашылық пен білім беру сабақтарын бірден байланыстырған жөн деп санадым. Балаларға арналған сабақтарды брондауға арналған бірыңғай платформаны құру идеясы осылай пайда болды.
Жоба бойынша жұмыс қалай жүзеге асырылды?
Алдын ала біз балалар үшін сабақтарды іздеу кезінде ата-аналарды қызықтыратын ақпаратты анықтау үшін командамызбен бірлесіп, ата-аналар арасында сауалнама жүргіздік. Сондықтан онлайн платформаны құру кезінде келіп түскен барлық тілектер мен ұсыныстарды ескеруге тырыстық. Мысалы, ата-аналарға ыңғайлы болу үшін клубтар, сабақтар, оқытушылар және жұмыс кестесі туралы толық ақпарат беріледі, бұл ата-аналарға балалар үшін сабақтарды таңдау уақытын қысқартуға көмектеседі. Өз кезегінде жүйе клубтарға да олардың сыныптарын толтыруға көмектеседі, өйткені бүгінгі күні клубтардың толымдылығының орташа саны 60 – 70%-ды құрайды. Қазіргі уақытта біз негізгі платформаны әзірлеу бойынша жұмыс жүргізудеміз, оған жаңадан ашылған балалар клубтарын тартамыз. Қазіргі уақытта біз промо-сайтты іске қостық, балаларға 40-қа жуық түрлі сабақ ұсынатын, елордада жұмыс істейтін 12 клуб бойынша ақпаратты сол жерден алуға болады. Ол үшін сайтта өтініш қалдыру керек, содан кейін біз бірыңғай абонемент бойынша бірнеше сабақты ұсына аламыз.
Әрине, біз балаларға арналған спорт, шығармашылық және білім беру орталықтарына біздің әріптесіміз болуды ұсынамыз. Мұндай ынтымақтастық тек өзара тиімді ғана емес, сонымен қатар балаларға қосымша білім беруді барынша қолжетімді етуге көмектеседі деп сенемін.
Сізге НУ-да оқу не берді? Жоспарларыңызды іске асыруға көмектесті ме?
Оқуымды жалғастыру туралы шешім қабылдаған кезде IT саласымен байланысты өз бизнесімді бастау туралы жоспарлар болды, сондықтан мен Университеттің Master of Business Administration және Master of Computer Science деген екі магистрлік бағдарламасына құжаттарымды тапсыруға бел будым. Нәтижесінде MBA бағдарламасын таңдап алдым. Маған Бағдарлама тарапынан ұсынылған курстың құрылымы, зерттелетін тақырыптар, Duke Fuqua School of Business-пен ынтымақтастық ұнады. Және осы бағдарламадан күткен менің үміттерім де ақталды. Мұнда бизнес ортадан, үздік корпорациялар мен үздік университеттерден шақырылған сарапшылар өткізетін қызықты қонақ лекцияларын тыңдау мүмкіндігі беріледі. Бизнес ортадағы табыстың ажырамас бөлігі болып табылатын, бізге қажетті soft skills дағдыларын меңгердік. Әрине, ақылды, жас, жасампаз, жан-жақты дамыған және дәлелді, прогрессивті көзқарастары бар адамдармен бірге оқу мүмкіндігіне ие болдым. Олардың әрқайсысы өз саласындағы проблемаларды айқындай алатын, олардың шешу жолдарын білетін, бизнес мәселелерге мүлдем өзгеше көзбен қарайтын кәсіпқойлар.
Әрине, осы бағдарлама бойынша оқыту маған бизнес жоспарымды жүзеге асыруға көмектеседі. Дәрістерге қатыса отырып, әр уақытта мен зерттелетін материалды өз жобаммен байланыстыруға тырысамын, өз бизнесімде қаншалықты қолдана алатынымды, стандартты емес кейсімде және т. б. қалай пайдалана алатынымды зерделеймін.
Назарбаев университеті, 2020 түлек
Осы мақаламен бөлісіңіз