3 қыркүйек 2025
Осы мақаламен бөлісіңіз29–31 тамыз күндері Nazarbayev University-де Орталық Азия экономикалық конференциясы (Central Asian Economics Conference) өтті.
Іс-шараға Орталық Азия өңірімен ғылыми зерттеулері немесе кәсіби қызметі арқылы байланысы бар 100-ден астам ғалым мен сарапшы қатысты. Қатысушылар арасында Massachusetts Institute of Technology, Harvard University, Duke University, University of Wisconsin–Madison, University of Lausanne сынды әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының профессорлары болды.
Конференция бағдарламасына 12 секцияда ұсынылған 40 ғылыми баяндама, екі пленарлық дәріс және постерлік сессия енді. Imperial College London профессоры Рустам Ибрагимов қаржы нарықтарының жоғары құбылмалылық жағдайындағы динамикасын терең зерттеуге мүмкіндік беретін жаңа талдау әдістерін таныстырды. MIT профессоры Сергей Пальцев көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу жолдарын ұсынды. Ол бұл мақсатқа тек жаңартылатын энергия көздерін ғана емес, сонымен бірге төмен көміртекті отын түрлерін, ядролық энергетиканы, көміртекті ұстау технологияларын және тиімді саяси шешімдерді үйлестіре қолдану арқылы жетуге болатынын атап өтті.
Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары — KIMEP University, Almaty Management University, сондай-ақ Өзбекстан мен Тәжікстан университеттерінің өкілдері де жиынға қатысты. Сонымен қатар Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі және Қазақстан Ұлттық банкінің сарапшылары баяндама жасады.
Конференцияның негізгі нәтижелерінің бірі — Орталық Азия экономикалық қауымдастығын (CAEA) құру жұмысының басталғаны туралы хабарлануы болды. Бұл жаңа платформа аймақтағы ғылыми зерттеулерді үйлестіруге, қаржыландыруды тартуға және академиялық бастамаларды дамытуға бағытталмақ. Бұл шешім NU, New Uzbekistan University және American University of Central Asia өкілдері қатысқан дөңгелек үстелде ресми түрде жарияланды.
«Бұл — өңіріміз бен бүкіл әлем алдында тұрған күрделі сын-қатерлерді шығармашылық тұрғыдан шешудің тамаша мүмкіндігі. Экономикалық ғылым мен тәжірибені дамытуға жаңа көзқарастар мен бірлескен күш-жігер әкелетін кәсіби қауымдастық бастамасын біз толық қолдаймыз», — деді Nazarbayev University академиялық істер жөніндегі вице-провосты, провост міндетін атқарушы Лоретта О’Доннелл.