19 қыркүйек 2024
Осы мақаламен бөлісіңізХХІ ғасырдағы университеттердің көшбасшылығы және ғылымды қолдау – бұл мәселелерді Nazarbayev University (NU) алаңында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен әлемдік сарапшылар талқылады.
Сарапшылар қатысқан пікірталас Қазақ ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған NU ARC-2024 бірінші ғылыми-практикалық конференциясы аясында ұйымдастырылып отыр.
NEOM University (Сауд Арабиясы) оқу орнының негізін қалаған президенті Андреас Кангелларис, NU президенті профессор Вакар Ахмад, NU түлегі және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова мен университеттер менеджментіндегі басқа да өкілдер уақыт талабына сай білім саласындағы басқарудың қалай өзгергені туралы ойларымен бөлісті.
«Қазақстанда және бүкіл әлемде университеттер трансформациядан өтуде. Бір танымал концепция «Университеттердің үшінші миссиясы» деп аталады: біріншісі, біз білетіндей, оқыту және білім беру, екіншісі - ғылым мен зерттеу, үшіншісі - әлеуметтік, ол әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамудың пайдасы үшін академиялық ортадан тыс білімді қалыптастыруға бағытталған. Менің қазіргі міндетім – жергілікті университеттер туралы жаңа түсінікке барынша көп әкімдерді сендіру. Бұл оқу орындары ғана емес, бүкіл аймақтың даму нүктелері. Ал біз жас мемлекет ретінде көптеген әлемдік университеттерді тартатын білім хабына айналғымыз келеді», – деді министр Саясат Нұрбек.
.jpg)
Сонымен қатар үш күннің ішінде әлемдік және қазақстандық зерттеушілер өздерінің соңғы ғылыми жаңалықтары туралы айтып, ғылым саласындағы перспективасы зор трендтерді талқылайды.Конференцияға 400-ге жуық қатысушы тіркеліп, 43 ғалым баяндама жасайды.
Конференцияның ашылуында қазақстандық жоғары оқу орындарының жас зерттеушілері мен атақты профессорларын қарсы алған NU президенті Вакар Ахмад: «Біздің университет ежелгі дәуірдің ұлы ғалымдары – Әл-Хорезми, Ибн Сина, Әл-Фараби, Әл-Беруни дамытқан ғылымның барлық саласының дамуына өз үлесін қосып жатқанына қуаныштымын. Жібек жолының үздік дәстүрлері бойынша біз әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік таланттар шоғырланған орталық болып, өңірде және одан тыс жерлерде түрлі пәндерді дамытуға және заманауи мәселелерді шешуге ықпал ететін идеяларды әзірлеуге қатысамыз», — деді.
Конференция аясында Жаңа материалдар мен құрылғылар жөніндегі симпозиум және Қазақстанда жасанды интеллектті зерттеу және оның қоғамға әсері жөніндегі симпозиум өтіп жатыр. Пленарлық отырыстар NU үшін маңызды ғылыми бағыттарды талқылауға арналған, олар: денсаулық және әл-ауқат, әлеуметтік-экономикалық трансформация, жаңа материалдар мен құрылғылар, жасанды интеллект, энергетика және қоршаған орта. Оған қоса ғылыми постерлер байқауынан басқа, салаға қажетті дағдылар мен жетекші ғылыми журналдарда мақала жариялау бойынша воркшоптар өтеді.
.jpg)
Конференцияға әлемнің жетекші сарапшылары шақырылған – Northwestern University-дегі (АҚШ) Кверри-Симпсон биоэлектроника институтының негізін қалаған директоры Джон Роджерс, AI Singapore директоры профессор Мохан Канканхалли, Урбана-Шампейндегі Иллинойс университетінің (АҚШ) биоинженерия профессоры Рашид Башир, Амхерсттегі Массачусетс университетінің профессоры (АҚШ) Нянцян Ву, әлемдегі алғашқы электронды қалдықтарды және пластиканы қайта өңдейтін микрофабрикалары жасаған профессор Вина Сахаджвалла (Аустралия), «Feeling Smart: Эмоцияларымыз біз оайлағаннан да ақылды» кітабының авторы Эяль Уинтер (Ұлыбритания) және т.б.

Сонымен қатар конференцияда Three Minute Thesis финалы өтпек – бұл алғаш рет Аустралияның Квинсленд университетінде өткізілген конкурс. Онда докторанттар өз зерттеулерінің маңызын үш минуттың ішінде аудиторияға жеткізуі керек. Конкурс қазіргі кезде халықаралық деңгейде танылған. Жеңімпаздар қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін гранттар алады. Research week 29 қыркүйекте NU-да өтетін STEM Scholars Summit 2024 студенттер конференциясымен аяқталады, онда жас қатысушылар өздерінің зерттеулері және идеяларымен бөліседі.
NU ARC-2024 халықаралық конференциясы – бұл шетелдік және қазақстандық сарапшылар мен зерттеушілерді, оның ішінде әртүрлі салалардағы жас ғалымдарды біріктіретін, Қазақстан мен әлем алдында тұрған сын-қатерлерді бірлесіп шешу үшін ой алмасуға мүмкіндік беретін алаң.
Конференция туралы толығырақ ақпаратты https://arc.nu.edu.kz/kz сілтемесіне өту арқылы біле аласыз.
