барлық жаңалықтар
3 шілде 2025 ##NUgoesGLOBAL

NU мен SWUFE академиялық ынтымақтастықты нығайтуда

NU мен SWUFE академиялық ынтымақтастықты нығайтуда

3 шілде 2025

Осы мақаламен бөлісіңіз

Nazarbayev University (NU) Қытайдың Оңтүстік-Батыс қаржы және экономика университеті (SWUFE) делегациясын қабылдады. Делегацияны Университет кеңесінің төрағасы, профессор Чжао Цзяньцзюнь бастап келді.

Қытай делегациясының құрамына Іскерлік басқару мектебі, Халықаралық бизнес мектебі, Экономика және менеджмент ғылыми-зерттеу институтыны, сондай-ақ Халықаралық алмасулар және ынтымақтастық кеңсесінің басшылары кірді. Сапар барысында профессор Чжао және NU президенті профессор Вакар Ахмад серіктестікті дамыту және ортақ академиялық басымдықтар мәселелерін талқылады.

SWUFE – Қытайдағы экономика, қаржы және менеджмент салаларындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет ғылыми зерттеулерімен, қолданбалы экономика саласындағы инновацияларымен, сондай-ақ қаржы саясатын әзірлеуге және қолданбалы экономиканың дамуына қосқан елеулі үлесімен танымал. Қытай Халық Республикасының Білім министрлігінің рейтингі бойынша, SWUFE қолданбалы экономика саласында  – 6-орында, менеджмент бойынша – 12-орында, теориялық экономика жағынан  – 13-орында тұр. Сонымен қатар, SWUFE әлемнің 200-ден астам университетімен әріптестік байланыс орнатқан.

NU мен SWUFE арасында студенттермен алмасу, бірлескен ғылыми жобалар және академиялық байланыстарды қамтитын тұрақты ынтымақтастық орнаған. Бұл серіктестіктің дамуына NU-дің Жоғары бизнес мектебі (GSB) маңызды үлес қосып келеді. Соңғы екі жылда NU-дің Жоғары бизнес мектебі мен SWUFE «Бір белдеу – бір жол» бастамасына арналған екі ғылыми симпозиум өткізді. Академиялық алмасу аясында қытай тарапы NU мектебінің екі студентін қабылдады, ал NU 2025 жылдың күзгі семестрінде SWUFE-ден екі студентті күтуде. Қазіргі уақытта бакалавриат пен магистратура деңгейлерінде бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Сапар барысында екі университет академиялық байланыстарды кеңейтуге және өзара түсіністікті тереңдетуге ниетті екенін растады. Бұл сапар университеттер арасындағы халықаралық әріптестікті нығайту жолындағы тағы бір маңызды қадам болды.

Ұқсас жаңалықтар