барлық жаңалықтар
14 қыркүйек 2024 Оқиғалар

NUandYOU: Университет Ашық есік күнін өткізді

NUandYOU: Университет Ашық есік күнін өткізді

14 қыркүйек 2024

Осы мақаламен бөлісіңіз

Қазақстанның және Орталық Азияның жетекші университеті барлық келушілерге есігін айқара ашты – ғылым мен білім фестиваліне 13 мыңнан астам адам тіркелген.

Ашық есік күнінде университетке қабылдаудың жаңа талаптары таныстырылды. Университет студенттері, түлектері, қызметкерлері мен оқытушылары ақпараттық сессиялар, кафедралардың білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларының презентацияларын дайындады. Сондай-ақ университеттердің зертханалары мен кітапханасына экскурсия өткізіліп, қызықты би және музыкалық қойылымдар, викториналар мен ойындар мерекелік ахуал туғызды.

Сонымен, Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің профессорлары мен студенттері ақпараттық сессияларда механикалық, аэроғарыштық және басқа да инженерияның бағыттары туралы, робототехника және материалдар технологиясы бойынша ақпаратпен бөлісіп, ғылыми әзірлемелерін – гуманоидты роботтар, электромобиль прототиптерін, экзоскелеттер және тағы басқасын көрсетті. Медицина мектебі симуляциялық орталыққа, анатомия және ғылыми зертханаларға экскурсиялар ұйымдастырды. Ал, Тау-кен және жер туралы ғылымдар мектебі тау-кен және мұнай өнеркәсібінде виртуалды шындық пен ұшқышсыз технологияларды қолдану жолдарын көрсетті. Жоғары білім беру, мемлекеттік саясат және бизнес мектептері білім беру бағдарламаларына шолу жасап, түлектермен ашық пікірталастар мен кездесулер ұйымдастырды. Сондай-ақ NURIS инновациялық кластері стартаптарды қолдау бағыттарының көрмесін ұсынды, ал Ақылды Жүйелер мен Жасанды Интеллект Институты (ISSAI) келушілерге Umay виртуалды көмекшісінің мүмкіндіктерін паш етті.

Іс-шарада Мансап және кәсіптік бағдар беру орталығының шақыруымен табысты түлектер Аян Бірімжан, Ғалымжан Айтқазин, Лаура Вайгорова, Дәукен Сейтқалиев, Мәулен Ахметов сөз сөйлеп, жетістіктерімен бөлісті. NU-ды 10 мыңнан астам студент бітірді. Осы түлектердің 90 пайыздан астамы Қазақстанда жұмыс істеп, еліміздің дамуына үлес қосуда. Қазір университетте инженерлік, тау-кен ісі, жаратылыстану-гуманитарлық ғылымдар, медицина, бизнес, білім және мемлекеттік саясат салаларында 8 мыңға жуық студент білім алуда.

Times Higher Education беделді әлемдік рейтингіне сәйкес, NU әлемдегі ең үздік зерттеу университеттерінің 30%-ның қатарына кіреді, Азиядағы университеттер арасында 129-шы және жас университеттер арасында 106-шы орынды иеленді.

Ұқсас жаңалықтар